Березовкада 4 оқушы естен танғаны хабарланды

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Березовкада тағы да оқушылар талып қалды.

Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданының Березовка ауылында кеше төрт мектеп оқушысының естен танып құлағаны хабарланды.

Бұл жайында Азаттыққа хабарлаған төрт оқушының бірінің әкесі Тілек Темірғалиевтің айтуынша, кеше түстен кейінгі сағат 15-те 11 жастағы ұлын мектепке әкелген. Бір сағаттан соң оған баласының естен танып құлағанын хабарлаған.

- Мектептегі медпунктке барғанымда онда ұлымнан басқа тағы үш қыз бала болды. Олардың жанында бірнеше дәрігер болды. Дәрігерлер ешнәрсе істеген жоқ, тек бақылап отырды. Балалар дірілдеп, қалшылдап, кейбірі естен танып жатты, - деді Темірғалиев.

Балалар бір сағаттан кейін естерін жиған соң ата-аналар оларды үйлеріне әкеткен. Тілек Темірғалиев аурухана балаларын жатқызудан бас тартты дейді.

Аудандық аурухана басшылығы балаларды ауруханаға жатқызудан бас тартқаны туралы ақпаратты растамады және оқушылардың ес-түсінен тану оқиғалары қайталанып жатқанын да жоққа шығарды. Бөрілі аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дариға Қабденова "қазір Березовкада жалпы жағдай тұрақты" екенін ғана айтты.

2014 жылдың 28 қарашасында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында алғаш рет балалардың белгісіз улы заттан жаппай улану оқиғасы тіркелген еді. Жергілікті мектепте сабақ үстінде 26 оқушы талып қалған. Содан бері улану оқиғалары бірнеше мәрте қайталанған, дәрігерлердің көмегіне 100-ден аса адам жүгінген. Олар «басымыз айналады, жүрегіміз айниды, қан қысымымыз көтеріледі және денеміз тырысады» деп шағымданады.

Березовка тұрғындары жаппай улануды мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінен көріп, өздерін басқа жаққа көшіруді талап етеді. Бірақ билік тұрғындарды басқа жаққа көшіруге негіз жоқ дейді.