ОСК: Сайлауға түсуге бірнеше адам ниет білдірді

Қазақстандағы президент сайлауына дауыс беріп тұрған сайлаушылар. Петропавл, 3 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

"Бірнеше адам, оның ішінде бір әйел бар, кезектен тыс президент сайлауына түсуге ниетін білдірді" деп мәлімдеді бүгін Қазақстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшесі Марат Сәрсембаев. Бірақ ол үміткерлердің аты-жөнін атамады.

Сәрсембаевтың сөзіне қарағанда, ниет білдіргендерді үміткер деп атауға әлі ерте. Сайлауға түскісі келетін азаматтар Қазақстан бойынша 93 мыңнан астам адамның қолын жинап, қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия сынағынан өтуі және сайлау жарнасын төлеуі тиіс.

ОСК әзірге президенттікке бірде-бір үміткерді тіркеген жоқ.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуір күні өтетін болып белгіленген. Кандидаттар ұсыну 15 наурыз күні аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 25 наурыз күні аяқталған соң, елде үгіт-насихат науқаны басталады. Үгіт-насихат дауыс беруге бір тәулік қалғанда, 25 сәуірге қараған түні тоқтатылады.