Астанада наразылар ЕАЭО басшыларынан жәрдем сұрады

Жер телімін «мемлекет қажетіне» алуға қарсылық жиынына қатысушылар. Астана, 14 наурыз 2015 жыл.

Бүгін Астанада жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға қарсы азаматтар наразылық жиынын өткізді. Жергілікті билік рұқсат еткен шараға ондаған адам қатысқан.

Акцияға қатысушылар Астанадағы жер телімдерін алуға қатысты дауларды қарайтын еуразиялық сот құруды сұрап, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенкоға үндеу жасады. Сонымен бірге олар Қазақстанда азаматтар өз конституциялық құқықтары бұзылған кезде жүгіне алатын мемлекеттік орган –Конституциялық сотты қалпына келтіру қажет деп біледі.

– Біз жер телімдері заңсыз алынғанына қарсылық білдіріп, алты рет рұқсат етілген наразылық акцияларын өткіздік, бірақ ешкім бізге назар аудармады. Бүгінгі жиында біз Қазақстан Конституциясының орындауға шақырамыз, біздің барлығымыз үйсіз-күйсіз жанға айналдық, - деді митингте сөйлеген Ольга Рубахова.

Былтыр бір топ азамат Астана әкімдігінің «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алмақ болған жер телімдеріндегі үйлерінен өздерін мәжбүрлеп шығаруды және баспаналарын бұзуды тоқтатуды талап етіп, парламент депутаттары мен үкіметтен көмек сұрап бірнеше рет үндеу жасаған. Бірақ жергілікті билік жер телімдерін алып, қазір қала аумағына енетін бұрынғы саяжай орнындағы тұрғын жайларды бұзып тастаған. Онымен келіспеген Астана тұрғындары бірнеше рет наразылық шеруілеріне шықты, аштық акциясын да өткізді. Бірақ олардың талабы орындалмады.

Қала билігі заңға сәйкес әрекет еткенін және тұрғындарға жер телімі мен баспаналарына лайықты өтемақы ұсынылғанын мәлімдеген. Наразылар «жер телімдері тым арзан бағаланады» дейді.