Хасен Қожа-Ахмет қазақ тілі сынағынан өтті

Қазақстан президенті сайлауына өзін-өзі ұсынған үміткер Хамен Қожа-Ахмет.

Қазақстан президенті сайлауына өзін-өзі ұсынған Хасен Қожа-Ахмет бүгін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жанындағы лингвистикалық комиссия алдында қазақ тілінен сынақ тапсырды.

Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, Хасен Қожа-Ахмет қазақ тілін еркін меңгерген.

Қазақ спорт және туризм академиясы президентінің кеңесшісі, 65 жастағы Хасен Қожа-Ахмет президентікке үміткер үшін міндетті саналатын қазақ тілі сынағынан өткен жетінші үміткер.

Бүгінге дейін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде екі адам - қазіргі президент, "Нұр Отан" партиясы ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан коммунистік халықтық партиясы ұсынған Тұрғын Сыздықов тіркелген. Олар қазақ тілі сынағын тапсырған соң өзін қолдайтын адамдардың қажетті қолын жинап, ОСК-ға 1 миллион теңгеден астам сайлау жарнасын төлеген.

Қазақ тілі сынағынан өткен өзін-өзі ұсынған тағы төрт үміткер - Лимана Қойшиева, Жарылқап Қалыбай, Әбілғазы Құсайынов пен Қанат Турагелдиевке өзін қолдайтындардың қолын жинау парақшалары берілген.

Президенттікке кандидаттарды тіркеу 26 наурызда аяқталады.

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау 26 сәуірде өтеді.