Ресейде ғарыш айлағында жұмысшылар наразылық білдірді

Ресейдің Восточный ғарыш айлағындағы құрылысшылардың еңбек талабымен аштық жариялайтыны туралы ескерткен хаты. 3 сәуір 2015 жыл.

Ресейдің Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағын салып жатқан жиырма алты құрылысшы өздеріне тиесілі еңбекақы төлеуді талап етіп аштық жариялайтыны туралы кәсіпорын басшылығы мен билік орындарын ескерткен. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметіне акцияға қатысушылардың бірі хабарлады.

Құрылысшылардың айтуынша, оларға бірнеше айдан бері еңбекақы берілмеген. «Жұмыс беруші әрқайсымызға 100 мыңнан 140 мың рубльге дейін берешек» дейді құрылысшылар.

Аштық жариялағандар басшылық пен жергілікті прокуратураға жолдаған арызда сәуірдің 4-і таңертеңгі сағат сегізден бастап аштық жариялайтындарын және еңбекақы толық қолдарына тигенше оны жалғастыра беретіндерін ескерткен.

Бұған дейін, наурыздың 24-і күні Восточный ғарыш айлағы құрылысын салып жатқан «Стройиндустрия-С» компаниясының ондаған жұмысшысы еңбекақы төлеуді талап етіп ереуіл бастаған еді. Компанияның еңбекақыға қарызы 14 миллион рубльге жеткен. Осы аптаның басында билік жұмысшыларға алашақ еңбекақылары беріле бастағаны туралы хабарлаған, бірақ, жарты миллион рубль төленген соң ақша бітіп қалғаны туралы ақпарат тараған.

Ғарыш айлағы құрылысына бюджеттен бөлінетін қаржы бірнеше компания арқылы өтетіндіктен, ақшаның қай арада жоғалып кеткені анықталып жатқаны хабарланған.

Сәуір айының басында Восточный ғарыш айлағында мақсатсыз жұмсалған ақша сомасы 16 миллиард рубльді құрауы мүмкін деген ақпарат тараған. Ресей бас прокуратурасы Спецстрой» мемлекеттік компаниясына 2013 жылғы шілде мен 2014 жылдың желтоқсаны аралығында құрылысқа аванс ретінде бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны жайлы сұрау салған.