НАТО: Ресей Шығыс Украинаға қару беріп жатыр

Донецкіге «гуманитарлық жүк» апара жатқан автокеруен жанында тұрған ресейлік полицейлер. 30 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинаның шығысындағы сепаратистерге Ресей қару-жарақ пен әскер беріп және әскери дайындықтар өткізуге жәрдемдесіп отырғаны туралы НАТО штаб-пәтеріндегі дереккөзіне сілтеп Германияда шығатын Frankfurter Allgemeine Sonntagszeitung газеті хабарлады.

Басылымның жазуынша, Ресей тарапынан сепаратистерге берілген әскери техника мен құрал-жабдықтар арасында танктер, соның ішінде Т-80, Т-90 сияқты қазіргі заманғы үлгілері, сауытты машиналар, артиллерия мен әуе қорғанысы жүйелері бар.

Баспасөз хабарламасында қазір ресейшіл сепаратистер Минск келісімдеріне қол қойылған кезге дейінгіден де көп қару-жараққа ие болып отырғаны айтылған.

Шығыс Украинадағы сепаратистерге Ресей қару-жарақ беріп отыр деген Батыс саясаткерлері мен украиналық ресми тұлғалардың мәлімдемелерін бұған дейін Мәскеу бірнеше мәрте жоққа шығарған.