Апелляциялық сот Танковтың жазасын жеңілдетпеді

Қарағандылық заңгер Евгений Танков. 7 сәуір 2014 жыл.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы бүгін қамауда отырған заңгер Евгений Танковтың жазасының өтелмеген бөлігін жеңілдетуді сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастады.

- Прокуратура сотта сотталушы әлі "түзелетін жолға түспегенін" және "сот шығындарын төлемегенін" айтып, оған қоса түрмеде алған ынталандыруы да жоқ, түрме өміріне кіріккісі келмейді деді. Евгений маған кейбір міндетті қауымдастықтарға кіруден бас тартқанын айтқан. Бірақ оның шығармашылық қауымдастықтарға кіруіне аса рұқсат етпейді. Дегенмен, Евгений түрмеде сотталғандарға ғана емес, колония қызметкерлерінің өздеріне де заңдық кеңес беріп жүр, - деді Азаттыққа Танковтың анасы Валентина Танкова.

Танковтың адвокаты Озоровский Азаттыққа апелляциялық сот шешімі қолына тиген соң облыстық соттың кассациялық алқасына шағымданатынын айтты.

Судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақырған қылығы үшін қарағандылық адвокат Евгений Танков 2014 жылы шілденің 24-і күні үш жылға бас еркіндігінен айрылған. Былтыр қазанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған. Биыл наурыздың 18-інде Танков жазасын өтеп жатқан АК 159/18 колониясында өткен көшпелі сот отырысында мекеме әкімшілігі, прокуратура мен адам құқықтары жөніндегі қоғамдық комиссия өкілдері заңгердің мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару немесе жазасын жеңілдетуді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған.