Атыраудағы сел кезінде 500 адам көшірілді

Атырауда селден зардап шегіп көшірілген тұрғын. 15 мамыр 2015 жыл

Атырау қаласында жергілікі билік ондаған отбасыны зиянға ұшыратқан нөсер жаңбырдан кейінгі селдің зардаптарын жоюға тырысып жатыр. Қаланың алты мектебіне баспанасы бүлінген 500-дей адам орналастырылды. 12 мамыр басталған толассыз жаңбырдан соң жүздеген жекеменшік үйлер су астында қалған еді. Бір тәулік ішінде қалаға жаңбырдың үш айлық мөлшері жауған.

Коммуналдық қызмет пен құтқарушылар тұрғындарға жәрдем беріп үлгере алмай жатқандарын айтады. Аулалар мен үйлердегі су әлі тартылмаған. Қала әкімдігіне үйлерін жөндеп, судан құрғатуды сұрап 940 адамнан өтініш түскен.

Төтенше жағдай комиссиясын құрған қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі Азаттыққа 15 мамыр күнгі сағат 14.00-ге дейін бес үйдің біржола қирағаны белгілі болғанын хабарлады.