ЕО Жерорта теңізінде әскери-теңіз миссиясын құрмақ

Жерорта теңізіндегі мигранттарды құтқару операциясы. (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің сыртқы істер министрлері Жерорта теңізі арқылы Солтүстік Африкадан Еуропаға заңсыз адам тасымалдаумен күресу үшін әскери-теңіз миссиясын құруға келісті. ЕО-ның сыртқы саясаты жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могеринидің айтуынша, әскери-теңіз миссиясы "контрабандистік желілер бизнесін" күйретуге мүмкіндік береді. Ол миссия келесі айдан жұмыс істей бастайтынын айтады.

ЕО Солтүстік Африкадағы әскери қақтығыстар мен кедейліктен қашқан адамдардың санын азайту үшін контрабандистерді алдын-ала ұстап, олардың кемелерін Ливия жағалауларында жойып жіберуді көздейді. Бірақ ЕО-ның кейбір елдері мұндай операция жүргізу үшін БҰҰ-ның қарары қажет дейді.

Жыл басынан бері Жерорта теңізі арқылы Еуропаға ондаған мың мигрант барды. Жерорта теңізі арқылы қауіпті сапар кезінде 1 мың 800-ге тарта адам қаза тапты.