Қазақстандағы сталиндік лагерьлер туралы жаңа кітап шықты

Қарағанды облысы Долинка кентіндегі бұрынғы НКВД бас басқармасы ғимаратында қазір саяси репрессия құрбандарына арналған музей орналасқан.

Қарағандыдағы «Карлаг: Болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу орталығы «Ерекше лагерьлер: Минеральный. Горный. Дубравный. Береговой» («Особлаги: Минеральный. Горный. Дубравный. Береговой») деген атаумен сталиндік репрессия жылдарындағы лагерьлер туралы эксклюзивті материалдар жинағын басып шығарды.

Жоба жетекшісі, ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбековтың «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне айтуынша, кітапта келтірілген үлкен деректі материал ғылыми айналымға алғаш рет еніп отыр.

Бұл кітап СССР тұсындағы ерекше лагерьлер туралы кітаптар сериясының жалғасы. Алғашқы басылым «Қазақстандағы ерекше лагерьлер: Степной. Песчаный. Луговой. Дальний» («Особлаги в Казахстане: Степной. Песчаный. Луговой. Дальний») деген атаумен жарық көрген.

Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, кітапта лагерьлерде қамауда болған тұтқындар саны мен құрамы, қамау мекемесіндегі тәртіп пен тұтқындар қандай жағдайда болғаны, медициналық қызмет сапасы, ауру түрлері мен өлім-жітім көрсеткіші, тұтқындар еңбегін қалай пайдаланғаны және оның көлемі жайлы деректер зерттеліп, сарапталған.

Кітап үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан. «Карлаг: Болашақ үшін есте сақтау» жобасы аясында бүгінге дейін 20-дан аса кітап шыққан.