АҚШ билігі мен хуситтер кездесіп жатқаны хабарланды

Йемен астанасы Сана қаласындағы көтерілісші хуситтер өкілі.

Йеменнің қуғындағы үкіметі өкілі Раджах Бади Оманда америкалық дипломаттар мен шииттік хусит көтерілісшілері арасында келіссөз өтіп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, келіссөз АҚШ-тың ықыласы бойынша ұйымдастырылған.

Келіссөзге Йемен билігі өкілдері шақырылмаған. Раджах Бадидің айтуына қарағанда, хуситтер келіссөзге "жекеменшік америкалық ұшақпен" жеткізілген. Әзірге бұл ақпаратты келіссөзге қатысушы екі тарап та ресми түрде растамады.

Егер келіссөз жүріп жатқаны рас болса, онда ол АҚШ билігі мен хуситтердің Йеменде әскери іс-қимылдар басталғаннан бергі алғашқы кездесуі болмақ.

Йеменде президент Абд-Раббу Мансур Хади билігін қалпына келтіруге тырысып жатқан Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы наурызда бұл елдегі хуситтерге әуеден соққы бере бастаған. Сол наурыз айында хуситтер ел астанасы Сана қаласын басып алып, Йеменнің орталық және оңтүстік бөліктеріне орныққан. Бұдан соң Мансур Хади Йеменнен қашуға мәжбүр болған.