Шыңғыс хан туған аймақ ЮНЕСКО тізіміне енді

Шыңғыс хан туған және жерленген Моңғолиядағы Бурхан-Халдун тауы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енді. Бұл шешімді Германияның Бонн қаласында ЮНЕСКО дүниежүзілік мәдени мұра комитеті қабылдаған.

Бурхан-Халдун тауы солтүстік-шығыс Моңғолияда орналасқан. Таулы аймақта түрлі шамандық және буддалық дәстүрге қатысты пирамидалар мен тастар бар.

Бурхан-Халдун тауымен қатар ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне қытайлық Тусы тайпасының архитектуралық комплексі, Пэкче патшалығының тарихи аймағы (Корея Республикасы), Сузы (Иран), Мейманда мәдени ландшафты (Иран) және Сингапурдегі ботаникалық бақ та енген.