Грузия Оңтүстік Осетия шекарасы өзгергеніне наразы

Грузияның Оңтүстік Осетиямен шекарасында жүрген грузиялық шекарашылар. (Көрнекі сурет).

Грузия сыртқы істер министрлігі ресейлік шекарашылардың Грузия-Осетия шекарасын Грузия территориясына ішкері қарай бірнеше жүз метр жылжытып қойғанына байланысты Ресейге наразылық білдірді.

Грузияның алаңдауына Оңтүстік Осетия билігі бақылауында қалған территориядан стратегиялық маңызы бар Баку-Супса мұнай құбыры өтетіні де себеп болып отыр. Бұдан өзге, жаңа шекара сызығы жалпы Кавказ аймағы үшін маңызды автомагистральге өте жақын орналасқан.

Ресейлік шекарашылар Әзербайжан мен Грузияның Каспий теңізі мен Қара теңіз жағалауларын байланыстыратын Баку-Тбилиси-Поти автожолынан небәрі 500 метр қашықтықта тұр. Грузия сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Осетия шекарасын күзететін ресейлік шекарашылар әрекетін "заңсыз" деп, Мәскеуден "заңсыздықты тоқтатуды" талап етті.

Грузияның Орчосани және Хурвалети ауылдарының тұрғындары "Оңтүстік Осетия мемлекеттік шекарасы" деген жазуы бар белгілер пайда болғаннан кейін бұрыннан пайдаланып жүрген жерлерінің шекараның арғы жағында қалып қалғанына наразы. Ал ресейлік шекарашылар тұрғындарды ол жерлерді өңдеп, өнім ала алмайтындарын ескерткен.

Орчосани мен Хурвалети ауылдары маңында жаңа шекара сызығы пайда болғаннан кейін ұлыбританиялық British Petroleum компаниясына тиесілі Баку-Супса мұнай құбырының 1 мың 600-ден астам метр бөлігі Оңтүстік Осетия билігі бақылайтын территорияда қалып қойған.

Тбилиси Осетия билігі бұл құбырдан жыл сайын 5 миллион тонна мұнай тасымалданғаны үшін ақы талап етіп, талабы орындалмаса құбырды жауып тастауы мүмкін деп қауіптенеді. Грузия энергетика министрі Кахи Каладзе егер Оңтүстік Осетия мұндай талап қойса, онда Тбилиси British Petroleum-мен бірлесіп құбырдың Оңтүстік Осетияны айналып өтетін жаңа тармаңын салатынын мәлімдеді.

Прагада 14 шілдеде Ресей сыртқы істер министрі орынбасары Григорий Карасин мен Грузия премьер-министрінің Ресеймен өзара байланыс жөніндегі арнайы өкілі Зураб Абашидзе кездеседі.