Түрме басшылығы Козловтың аштық жариялағанын растамады

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың бостандықта жүрген кезі.

Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеде жатқан оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың аштық жариялағаны туралы ақпаратты я растап, я теріске шығармады. Азаттық тілшісімен телефонмен берген жауабында Хасенов Козловтың аштық жариялағанына қатысты ешнәрсе білмейтінін айтты.

Бірақ ол Козловтың "түрме әкімшілігіне доқ көрсеткені үшін" айып изоляторына ауыстырылғанын" жеткізді.

Заречный кентіндегі өзге түрме басшыларының бірі Азаттық тілшісіне ЛА-155/14 жалпы режимдегі түрмесінде жатқан Владимир Козловты аштық жариялады деп "естігенін" айтты.

ЛА-155/14 түрмесінің аты-жөнін атамаған қызметкері Азаттыққа Козловтың аштық жариялағанын "білетінін" айтқанымен, бұл жайында ресми ақпарат беруге құзыретті емес екенін білдірді. Ол бұл мәселе бойынша түрмеге Алматыдан келген Алматы және Алматы облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ернат Ақылжановқа хабарласуды ұсынды. Ақылжановпен мен ЛА-155/14 түрмесінің бастығымен хабарласу мүмкін болмады.

Қаңтар айының алғашқы жартысында сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін бағалайтын комиссия Козловқа бірінші дәрежелі теріс мінездеме беріп, түрмедегі жеңілдетілген режимге ауысу мүмкіндігінен айырған.

Былтыр күзде тұтқындағы оппозиционердің жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы өтініші «әлі алынбаған сөгісі бар» деген уәжбен орындалмаған болатын. Козлов бұл сөгістен хабары жоғын мәлімдеп, сотқа шағымданған. Бірақ одан нәтиже шықпаған.

«Жаңаөзен оқиғаларына қатысы бар» деген айыппен 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған, тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов жаза мерзімін Алматы облысы Заречный кентіндегі колонияда өтеп жатыр. Кейбір қазақстандық құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.