Түркия мен АҚШ ИМ-нен азат территория құрмақ

Түркияның Инчирлик әуе базасындағы А400М әскери жүк ұшағы. 24 шілде 2015 жыл.

Анкара мен Вашингтон "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларын Сирия-Түркия шекарасы аумағынан ығыстырып, онда ИМ-нен азат аймақ құру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Жоспар бойынша, Сирия-Түркия шекарасына жақын аймақтағы ИМ содырларының транзиттік дәліздерін жабу көзделіп отыр.

Бұған дейін Анкара ИМ-нің Сирия мен Ирактағы позицияларына соққы жасауға және АҚШ әскери-әуе күштеріне ИМ нысандарын бомбалау үшін әуе базасын беруге шешім қабылдаған.

АҚШ президенті әкімшілігі 27 шілдеде Вашингтонның Анкарамен келіссөзі ИМ-ді жүз километр қашықтыққа дейін ығыстыруға қатысты жүріп жатқанын айтты. Ақ үй өкілінің сөзінше, АҚШ әскери-әуе күштері ИМ позицияларына соққы беру үшін Түркиядағы әуе базасын пайдалана алады. Бірақ Ақ үй өкілі Түркия мен АҚШ бұған қатысты түпкілікті келісім жасаспағанын айтты.

Обама әкімшілігі Сирия-Түркия шекарасындағы аудандарды ИМ-нен азат етудегі басты мақсат - ең алдымен содырлардың тасымал жолдарын жабу. "Операциялар мақсаты шекаралас аудандарды тазалап, ИМ үшін шекараны жабу" деді Ақ үй өкілі.