Каублде жарылыстан 15 адам мерт болды

Кабулде болған жарылыс орны. Ауғанстан, 7 тамыз 2015 жыл.

Ауғанстан билігі бүгін Кабулде тұрғын үйлер орналасқан ауданда күшті жарылыс болып, кемінде 15 адам қаза тапқанын және 240-қа тарта адам жараланғанын хабарлады.

Президент Ашраф Ғанидің баспасөз хатшысы Зайед Хашемидің айтуынша, қорғаныс министрлігіне жақын маңдағы жарылыстан жараланғандар арасында 47 әйел мен 30 бала бар. Хашеми қазір жарылысты тексеретін комиссия құрылғанын да айтты.

Полицияның ақпаратына қарағанда, жарылғыш заттар тиеген жүк көлігі бүгін таңертең қорғаныс министрлігі орналасқан аумаққа жақын маңда жарылған. Қазір құтқарушылар қирандылар астында қалып қоюы мүмкін деген адамдарды іздеп жатыр.

Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ.​