Бішкек-Қарақол жолындағы Боом шатқалында бүгін жолға тау жынысы құлап, жолда көлік кептелісі пайда болды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Қырғызстан транспорт және коммуникация министрлігінің баспасөз хатшысы Кылычбек Досумбетовтің айтуынша, Бішкек-Қарақол жолының 131-километрінде жолға жартасты тау жынысы құлап, жолды жауып қалған. Оқиғадан зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Оқиға салдарынан жолдың екі жағында бірнеше километрге созылатын көлік кептелісі пайда болған.
Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев Боом шатқалындағы жағдайға байланысты төтенше жиын өткізіп, тездетіп жолды тазалап, ашуды тапсырған.
Бішкек-Қарақол жолы Қырғызстанның солтүстігіндегі Ыстықкөлге апаратын бірден-бір жол саналады.