Бағдадта жарылыстан 54 адам мерт болды

Бағдадтағы жарылыс болған базар. Ирак, 13 тамыз 2015 жыл.

Ирак билігі бүгін Бағдадтағы көкөніс базарында жарылғыш заты бар жүк көлігі жарылып, кемінде 54 адам мерт болғанын хабарлады.

Жүк көлігі таңертең Бағдадтың шииттер көп тұратын ауданына жақын "Джамила" базарында адам қарасы көп жерде жарылған.

Полиция жарылыстан кемінде 86 адам жараланғанын айтады. Дәрігерлер 54 адам қаза тапқанын растап отыр.

Жарылысқа жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы мойнына алды. ИМ Бағдад маңындағы шииттер басым тұратын аймақтарда бұған дейін де талай рет жарылыс ұйымдастырған.