Министр: Сабақты 7:40-та бастауды "сараптап" жатырмыз

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Білім және ғылым министрлігі Астана қалалық әкімдігінің кейбір мектептерде бірінші ауысымда оқитын оқушылар үшін сабақты сағат 7:40-та бастау туралы ұсынысын "сараптап" көреді деді бүгін министр Аслан Сәрінжіпов үкімет отырысы арасындағы үзілісте.

"Қазақстан жаңалықтары" агенттігінің хабарлауынша, Сәрінжіпов бұл мәселені "Астана әкімдігімен бірге қарастырып жатқанын", министрлік "қосымша жауап" беретінін айтқан.

Бүгін Астана әкімдігі қаладағы 17 мектептің директорларына сабақты 7:40-та бастау жайын қарастырып, ата-аналармен талқылауды ұсынғанын хабарлаған. Әкімдік сабақ уақытын өзгертуді тұрғындар жұмысқа шығып, балаларын мектепке апаратын таңертеңгі уақытта көшеде көлік кептілісін болдырмау үшін ұсынғанын айтады.

Әлеуметтік желілерде кейбір ата-аналар сабақты қазіргідей сағат 8:00-де емес, одан 20 минут ерте бастауға қарсылық білдіріп жатыр.