Алматыда қуыршақ театрлары фестивалі ашылды

Балалар қуыршақ фестивалімен қатар өтіп жатқан авторлық қуыршақ көрмесінде. Алматы, 20 қыркүйек 2015 жыл.

Алматыда бүгін 4-халықаралық қуыршақ фестивалі ашылды. Алдағы апта бойы ересектер мен балалар Германия, Грекия, Грузия, Израиль, Үндістан, Қазақстан мен Түркіменстанның қуыршақ театрларының (барлығы – 10 театр) қойылымдарын тамашалай алады. Фестивальға қатысушылар конкурс арқылы іріктелініп алынған. Кейбір театрлар іріктеуден өткенімен фестивальға келе алмаған: Украина театрына жол қаражаты табылмаса, Махачқала (Ресей) театрына әкімшілік мәселелер кедергі келтірген. Қазақстаннан бұл фестивальға үш өнер ұжымы – Алматы мен Маңғыстаудың мемлекеттік театрлары және «Зазеркалье» (Алматы) жеке меншік театры өнерпаздары қатысады.

Фестивальда көрермен назарына ұсынылатын қойылымдар арасында – «Каштанка», «Педро мен Ай», «Шаттықты тұман жағалауы» (Ромео мен Джульетта жайлы хикаяның балаларға арналған нұсқасы), «Ол жоқ деп айтуға тиіс болатын!» (ересектерге арналған комедия-триллер) сынды шығармалар бар.

Фестивальға құрамында Марек Вашкель (Польша), Ханс Хартвич-Мадсен (Дания) және Давид Бурман (Израиль-Ресей) бар қазылар алқасы төрелік жасайды. Олар бес номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Үздік өнерпаздар ұжымы ақшалай жүлдеге ие болады. Гран-придің мөлшері бес мың АҚШ долларын құрайды.

Барлық қойылымдар Мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында көрсетіледі. Фестиваль барысында театр фойесінде шеберлер жасаған қуыршақтардың халықаралық көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Бұл қуыршақ фестивалі 1935 жылы қазанның 10-ы күні негізі қаланған Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының 80 жылдығына арналып отыр. Бүгін фестиваль төрт күн бұрын премьерасы өткен осы театрдың «Алтын Адам» спектаклімен ашылды.