Қырым татарлары түбекке баратын жолды әлі жауып тұр

Қырымға кіретін шекарадағы "Чаплинка" бақылау-өткізу бекетінде жолды жауып тұрған наразылар. Украина, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Украинадағы Қырым татарлары Ресей аннексиялап алған түбектегі экономикалық жағдайдың нашарлығына назар аударту үшін осы аймақты Украинамен жалғап тұрған екі тас жолды бүгін екінші күн жауып тастады.

Қырым татарларының басым көпшілігі екі миллион тұрғыны бар аймақтың өзінде тұрады. Былтыр түбекті Ресей аннексиялап алған соң 300 мыңға жуық Қырым татарларының біразы Украинаға қашқан еді. Жексенбі күні сол Украинаға орныққан белсенді Қырым татарлары «Правый сектор» атты украин ұлтшылдарының ұйымымен бірігіп, түбекті құрлықпен жалғап тұрған екі негізгі тас жолды бөгеп қойған.

Олар Қырым аймағындағы туыстары кемсітуге ұшырап, әлеуметтік-экономикалық жағдайлары нашарлап кетті деп мәлімдеді. Наразылық шарасын Қырым аймағының бұрынғы мәжіліс басшылары Мұстафа Джемилев пен Рефат Чубаров ұйымдастырды. Чубаров жолдың тек жүк көліктері үшін жабылғанын, жекеменшік көліктерді бөгетсіз өткізіп тұрғандарын айтты. Белсенділер Қырымды Украинаның ажырамас бөлігі деп санайтындарын да айтты.

Ал Қырымның өзінде бір топ адам Мұстафа Джемилевтің туған қаласы Бақшасарайда саясаткер тұрған үйдің сыртына жиналып қарсылық шарасын ұйымдастырды. Олар Джемилевті «сатқын» деп атап жатты.

Қырымның ресейшіл басшысы Сергей Аксенов түбек Украинадан келетін тауар импорттық тауардың 5 пайызын ғана құрайтынын ғана айтып, Қырым жолды жабудың "әсері білінбейтінін" мәлімдеді.

Соңғы бір жыл ішінде ресейшіл белсенділер шұғыл референдум өткізіп, аймақ парламентін жауып, жетекшілерін Украинаға қудалап, түбектегі Қырым татарларының жалғыз телеарнасын жауып тастаған. Қазір бұл телеарна Киевтен хабар таратып жатыр.