Франциск АҚШ-қа алғаш рет сапармен барды

Рим папасы Франциск (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама. Мэриленд штаты, АҚШ, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Рим папасы Франциск АҚШ-қа алғашқы ресми сапарымен келді. Мэриленд штатындағы әскери базаға келіп қонған ұшақтан Ватикан басшысын АҚШ президенті Барак Обама отбасы мүшелерімен бірге қарсы алды.

Бір аптаға жалғасатын сапар барысында понтифик Вашингтон, Нью-Йорк және Филадельфияда болады.

Вашингтонда ол АҚШ жерінде алғаш рет әулиелер санатына қосу рәсімін өткізбек. Сонымен бірге ол тұңғыш рет АҚШ конгресінде сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Бұдан соң Франциск Нью-Йоркте өтетін БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл толуына арналған салтанатты рәсімге қатысады. Ал папаның басшылығымен Филадельфияда өтетін дүниежүзілік Ватикан отбасылары кездесуіне бір миллионнан аса адам қатысуы мүмкін деп хабарланды.

АҚШ-қа дейін Кубада төрт күндік сапармен болған Франциск сол елде көпшіліктің қатысуымен өткен діни рәсімде халықты «мейірімділік революциясына» шақырған еді.