ІІД: Сарыағашта оқушы оқушының қолынан қаза тапты

Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Тегісшіл ауылында жалпы орта мектептің 10-сынып оқушысын осы мектептің 11-сынып оқушысы пышақтап, қаза тапты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бекбосын Ташеновтың Азаттыққа айтуынша, 2 қараша күні түнде Тегісшіл ауылынан 1999 жылы туған оқушы жараланып, жан сақтау бөліміне түскен.

- Ауыр жарақаттанған оқушы ауруханаға алып келгенде қайтыс болды. Арадан 30-40 минут өткенде тағы екі оқушы ауруханаға түсті. Олардың біріне пышақ жауырынына, екіншісіне - оң жақ қолына тиген. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде, емделіп жатыр, - дейді Бекбосын Ташенов.

Оның сөзінше, Тегісшіл ауылындағы жалпы орта мектептің 10-сынып оқушылары мен 11-сынып оқушыларының арасында "келіспеушілік" болған.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Азаттыққа «2 қазан күні түнгі сағат 23:00 шамасында Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөліміне пышақпен жараланып, қайтыс болған жас жігіт түскенін» растады.

- Қайтыс болған жігіт жергілікті мектептердің бірінде 10-сыныпта оқитын оқушы болып шықты. Оқиға тіркелгеннен соң аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық кодекстің 99-бабы ("кісі өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары кезінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде қайтыс болған баламен бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысын ұстады. Күдіктіден айғақты зат ретінде пышақ тәркіленді, - дейді Салтанат Қаракөзова.

Ол қазір күдікті тергеу абақтысында отырғанын және тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.