"Астана" қаржы орталығы жайлы заң жобасы мақұлданды

Астана қаласындағы «Бәйтерек» монументі. (Көрнекі сурет.)

Парламент сенаты бүгін "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" конституциялық заң жобасын мақұлдады деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Заң жобасында қаржы орталығы территориясында Қазақстан заңдарынан өзгеше заң мен құқықтық ережелері қолданыста болатыны айтылған. Құжат бойынша, "Астана" қаржы орталығының басқарушы кеңесі мен қадағалаушы органы, әкімшілігі мен соты болмақ.

Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесіне салынатын инфрақұрылымдар негізінде қаржы орталығын құру туралы ұсынысты 2015 жылы сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жасаған. Кейін қаржы орталығын құруға алты миллиард теңге бөлінетіні хабарланған еді.

Бұған дейін Қазақстан билігі Алматыда аймақтық қаржы орталығын құруға тырысқанымен, ол іске аспай қалған.