Сот Мәмбеталин адвокатына "соңғы ескерту" берді

Ермұрат Мұқанов (ортада), Серікжан Мәмбеталиннің адвокаты. Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл

"Ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыпталған қоғам белсенділері Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың сотында 5 қаңтар күні судья Марал Жарылғасова мен адвокат Ермұрат Мұқанов тәжікелесіп қалды. Прокурор Дәурен Сағындықов айыптау актісін оқып болған соң судья Жарылғасова Мәмбеталин мен Нарымбаевтан "айыптарыңызды мойындайсыздар ма" деп сұрады. Олар "жоқ" деп жауап қайырды. Содан соң Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов Қылмыстық кодекстің 174-бабы Қазақстан Конституциясының 20-бабына қайшы келетініне назар аудартты. Ол соттан аталған баптың заңдылығын Конституциялық соттың анықтауын сұрайтын талап-арызын қарауды өтінді.

Судья Марал Жарылғасова мұндай талап-арызға қатысты бұрын да шешім шығарғанын уәж етіп, оны қарастырудан бас тартты. Бұдан соң адвокат Мұқанов судья Жарылғасоваға наразылық білдіру туралы арыз айтты. Судья адвокаттың арыз түсіру мүмкіндіктерінің түгесілгенін, сол себепті наразылығы қабылданбайтынын мәлімдеді. Бірақ адвокат судбяның өзіне наразылық танытылған соң сот отырысынан дереу кетуі керек екенін айтып тұрып алды. Судья Жарылғасова кеңесуге шығып кетіп, сот отырсына қайта оралғасын адвокат Мұқановқа "сотты құрметтемегені үшін" соңғы ескерту жасайтынын және оның үстінен қалалық адвокаттар коллегиясына шағым түсіретінін хабарлады. Ол сот процесіне қатысушылармен кеңеспестен келесі сот отырысын 6 қаңтар күні таңертең өтеді деп белгіледі де, жиынды жабық деп жариялады.

Адвокат Ермұрат Мұқанов сотқа қатысушыларға ертең таңертең басқа сот отырысына қатысуды жоспарлап қойғанын, сол себепті 6 қаңтарда өзі жоқта судья Жарылғасованың сот отырысын өткізуге хақысы жоқ екенін айтты.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде "Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі" Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған кітаптан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға сәйкес үзінді мәтіні "ұлтаралық араздық" тудыруға себеп болуы мүмкін. Сотта Мәмбеталинді оның анасы Анастасия Мәмбеталина мен адвокат Ермұрат Мұқанов, ал Нарымбаевты – інісі Арман Нарымбаев пен адвокат Жанар Балғабаева қорғап жатыр.