Қайрат Досмағамбетов 19-операциядан соң үйіне оралды

Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп, мүгедекке айналған Қайрат Досмағамбетов. 12 қаңтар 2016 жыл.

Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп, мүгедек болып қалған Қайрат Досмағамбетов қаңтардың 13-і күні Мәскеуден операциядан оралды.

Оның анасы Оңайгүл Досмағамбетованың айтуынша, бұл - Қайратқа жасалған 19-операция.

- Төрт жылдан бергі азабым осымен бітті ме деп отырмын,- дейді 12 баланың анасы Оңайгүл Досмағамбетова.

Қайрат Досмағамбетов Азаттықа дәрігерлердің өзіне «соңғы операция» дегенін айтты.

Досмағамбетовтің сөзінше, ол үй ішінде жүргенімен ұзақ жол жүруге жарамайды. Ол енді отбасымен бірігемін бе деп армандайтынын да айтты.

31 жастағы Қайрат Досмағамбетов Жаңаөзендегі 2011 жылы 16 желтоқсанда болған мұнайшылар ереуіліне қатыспаған. Алаңдағы бейбіт ереуілшілерге оқ атып, қудалау кезінде ол жамбас сүйегінен жараланып, мүгедекке айналды. Төрт жылда 20 шақты операция жасатты. Оның ағасы Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзендегі оқиғадан соң «әлеуметтік алауыздық қоздырды» деген айыппен 6 жылға сотталып, 2015 жылы ақпанда уақытша мерізімінен бұрын түрмеден босап шықты. Жазасын өтеу кезінде рак ауруына шалдыққан ол қазір Оңтүстік Кореяға барып ем алып жүр.