Молдова президенті премьерлікке үміткерін ұсынды

Кишиневтің орталығындағы наразылық акциясы. 14 қаңтар 2016 жыл.

Молдова президенті Николае Тимофти елде күшейіп бара жатқан саяси дағдарысты шешу үшін президент әкімшілігінің хатшысы, бұрынғы әділет министрі Ион Падурарды премьер-министр қызметіне ұсынды. 13 қаңтарда президент еуропашыл басқарушы коалиция премьерлікке ұсынған Влад Плахотнюктің кандидатурасын қабылдамай тастаған еді.

Бірер күн бұрын мыңдаған адам Кишинев көшелеріне шығып, Молдованың мұнай, қаржы, банк секторы мен ақпарат құралдарына инвестор Плахотнюкке қарсылық білдірген. Демонстрацияға қатысушылар Плахотнюк тым көп билікке ие дейді.

Басқарушы коалицияның Тимофтидің ұсынысымен келісетіні, я қарсы болатыны әзірге белгісіз. Бұған дейін партиялар Плахотнюкті басқа кандидатпен ауыстыруға қарсылық білдірген.

Егер парламент 29 қаңтарға дейін үкіметті жасақтай алмаса, онда ол тарап, мерзімінен бұрын жаңа сайлау белгіленеді. Молдова парламенті бұрынғы үкіметті коррупциялық жанжалға байланысты отставкаға жіберген. Молдовадағы саяси дағдарыс 2014 жылдың қарашасынан жалғасып келеді. Ол кезде парламент сайлауы қарсаңында банк есеп-шоттарынан бір жарым миллиард доллар ұрланғаны белгілі болған.