Парник газын бөлудің төрт жылдық квотасы белгіленді

Жылу электр станицяларынан ауаға тарап жатқан түтін. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда парник газын шығаруға квоталар бөлудің 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары бекітілді. Бұл туралы үкімет қаулысы бүгін ресми баспасөзде жарияланды.

Қаулыда биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген ұлттық жоспар Қазақстан экологиялық кодексіне, үкіметтің 2012 жылғы 7 мамырдағы қаулысымен бекітілген парник газын шығаруға квоталар бөлу ережелеріне сәйкес, сонымен бірге климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық келісім-шарттар ережелерін ескере отырып дайындалғаны айтылған.

Ұлттық жоспар 2014 жылы 20 мың тоннадан асатын мөлшерде көміртегі қостотығын шығарған табиғат пайдаланушылар үшін 2016-2020 жылдарға көміртегі қостотығын бөлу квотасын (шегін) белгілеген. Сондай-ақ, 2013-2014 жылдарға көміртегі қостотығын шығарудың орташа мәні деңгейінде базалық желі белгіленген.

Бұған қоса, 2014-2015 жылдарға арналған ұлттық жоспарға енгізілмеген, шығарған көміртегі қостотығының көлемі 20 мың тоннадан асып кеткен табиғат пайдаланушылар үшін көміртегі қостотығын бөлудің базалық желі көлемі белгіленген.

Ұлттық жоспарға сәйкес, экономиканың мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиясы және химия салаларында қызметін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар үшін 2016 - 2020 жылдарға 746513884,25 бірлік мөлшеріндегі квота көлемі тегін бөлінеді.

2016-2020 жылдарға арналған квота көлемінің резерві 21947508,17 квота бірлігін құрайды делінген үкімет қаулысында.