АҚШ-тың шығыс жағалауына қалың қар түсті

Вашингтонда Мартин Лютер Кинг ескерткіші тұрған жердегі қардың қалыңдығы 76 сантиметрге жетеді. АҚШ, 22 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ-тың шығыс жағалауындағы 85 миллион адам тұратын аймақ қалың жауған қар астында қалды.

Ел астанасы Вашингтонда қардың қалдыңдығы рекордтық көрсеткіш – бір метрге жетеді деген болжам айтылады.

Жұма күні билік орындары тұрғындарды жеке көлік құралдарын пайдаланбауға шақырды. Демалыс күндері қалада қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылмақ.

«Мен әркімнің назарына мынаны жеткізгім келеді: бұл жолы өте күшті қар жаумақшы. Ол өмір мен өлім арпалысқа түсетін жағдай туғызуы мүмкін. Мен оған тиісінше мән беріп қарауларыңызды сұраймын» деген Вашингтон мэрі Мюриэль Баузер.

АҚШ-та Солтүстік Каролинада осы кезге дейін қалың жауған қар мен ауа райының суытуы салдарынан болған автокөлік апатынан кемінде 10 адам қаза тапқан.

Жұма және сенбі күндері АҚШ-та алты мыңнан аса әуе рейсі бөгелген.

2012 жылы Сэнди дауылынан қатты зардап шеккен Нью-Джерси мен Нью-Йорктегі жағалауда орналасқан аудандарды бұл жолы қатты жел әсерінен су басып қалу қаупі бары хабарланды.