Қырғызстанда бензин бағасы одан ары арзандап жатыр

Көрнекі сурет.

Қырғызстанда осы айда бензин бағасы маркасына қарай 2,2 пайыздан 10,7 пайызға дейін арзандады.

Дизель отыны сегіз пайызға (шамамен үш сом немесе төрт цент) арзандаған. Бүгін Қырғызстанда бензин бағасының литрі 0,5-1 сомға арзандады. Қырғызстан мұнай өнімдерін саудалаушылар ассоциациясының хабарлауынша, облыстарда АИ-80, АИ-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиндердің бағасы бір сомға арзандаған. Соңғы бірнеше айда Қырғызстанда бензин бағасы алтыншы рет арзандап отыр.

Сарапшылар бензин бағасының арзандауын маусымдық факторлармен байланыстырады. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Қырғызстанда жанармайдың көтерме бағасының арзандай бастауы Ресей мұнай өңдеу зауыттарында жөндеу жұмыстары аяқталып, ұсыныстың артуы және жанармайға сұраныстың азаюы себеп болған. Бұдан өзге, зауыттан шыққан кездегі жанармай бағасы мұнай бағасының арзандауына байланысты төмендей бастаған.