Солтүстік Корея кемесі Оңтүстік Корея теңізіне кірді

Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын әскерилермен бірге кемеде отыр (Көрнекі сурет).

Солтүстік Кореяның жағалау күзеті кемесі 8 ақпан - Пхеньян алыс қашықтыққа арналған зымыран ұшырған күннің ертеңінде Оңтүстік Кореяға тиесілі теңіз акваториясына кіріп, оңтүстіккореялық әскери кемелер ескерту ретінде оқ атқан соң, шегініп кетті.

Солтүстік Корея билігі 7 ақпан күні таңертең президент Ким Чен Ынның бұйрығы бойынша «Кванмёнсон-4» жасанды жер серігін тиеген зымыран ғарышқа сәтті ұшырылғанын, спутник Жерді әр 94 минут сайын айналып шығатынын хабарлаған.

Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ Пхеньянның зымыран ұшыруының шынайы мақсаты - ядролық оқтұмсықты құрлықаралық баллистикалық зымыранмен нысанаға жеткізуді көздейді деп алаңдайды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұған дейін Солтүстік Кореяға зымыран ұшыруға тыйым салған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 7 ақпанда өткізген шұғыл жиынында Пхеньянның зымыран ұшыруын қатаң айыптап, Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар салатынын мәлімдеген. Мәлімдемені Пхеньянның одақтасы Қытай және кеңестің өзге 14 мүшесі түгел қолдады.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Саманта Пауэр санкция туралы қарар тезірек қабылдануы тиіс екенін және онда "Пхеньянның ойына келмеген шаралар" қамтылуы керек екенін айтты.

Жапонияның БҰҰ-дағы елшісі Мотохиде Йошикава да "қазіргі санкциялар Солтүстік Кореяны ядролық қару жасау бағдарламасынан бас тартқыза алмады" деп бұрынғыдан да ауыр санкциялар салуға шақырды.