Дональд Трамп пен Джеб Буш бір-бірін сынады

Дональд Трамп (сол жақта) пен Джеб Буш дебат кезінде. Калифорния, 16 қыркүйек 2015 жыл.

АҚШ-тағы президент сайлауы науқанына қатысып жатқан миллиардер Дональд Трамп пен Флорида штатының бұрынғы губернаторы Джеб Буш сенбі күні «Республикалық партия» мүшелері дебатында бір-біріне қатты сын айтты.

Республикалық партиядан президенттікке ортақ кандидат болуға негізгі үміткерлердің бірі саналатын Дональд Трамп бәсекелесі Джеб Буштың ағасы – АҚШ экс-президенті кіші Джордж Буштың 2003 жылы Иракқа әскер кіргізген шешімін сынады. Оның сөзінше, Джордж Буш қателікке ұрынған, ал оның әкімшілігі Иракқа қарсы операцияға негіз болған «Бағдаттың қолында жаппай қырып-жоятын қару бар» деп өтірік айтқан.

Джеб Буш өз кезегінде Трампты Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің атына айтқан мақтау-мадақтаулары үшін сынаған. Буштың сөзінше, Путин Сирия президенті Башар Асадты қолдау үшін ол елде Ресей әскерилері операциясын бастауға бұйрық беріп, Сириядағы онсыз да тұрақсыз жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген. Вашингтон Сирияда ұзақ уақытқа жалғасқан қарулы жанжалды реттеу үшін Башар Асад биліктен кетуі қажет деп санайды, Мәскеу онымен келіспейді.

АҚШ-тағы президент сайлауы науқанына қатысушылар енді ақпанның 20-сы күні өтетін алдын ала сайлауға дайындалып жатыр. Демократиялық партия өкілдері Невада штатында, республикашылар – Оңтүстік Каролинада өзара бәсекеге түседі.