Партияларды бюллетенде көрсету реті анықталды

Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің отырысы, Астана (Көрнекі сурет).

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) парламент мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялардың дауыс беру бюллетенінде орналасу ретін анықтады.

ОСК-ның ресми сайтында хабарланғандай, комиссия партияларды бюллетенде орналастыру ретін анықтау үшін жеребе тартқан. Оның нәтижесі бойынша, бюллетенде бірінші биліктегі "Нұр Отан" партиясы, одан кейінгі ретте Қазақстан халықтық-коммунистік партиясы, "Ақ жол", "Бірлік" партиялары, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен "Ауыл" партиясы орналаспақ.

Қазақстан парламенті мәжілісінің ерте сайлауына дауыс беру наурыздың 20-сы күні өтеді. Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

Партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс сайлауына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанда аяқталған. Ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін жалғасады. ОСК «Нұр Отан» (127 үміткер), «Ақ жол» (35), "Ауыл" (19), "Бірлік" (8) партиялары мен Қазақстан халықтық-коммунистік партиясының (22) және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (23) кандидаттарын тіркеген.