Батыста Амал күнін тойлап жатыр

"Отпантау" ұлттық-мәдени кешеніндегі Амал күні мейрамынан көріністер. Маңғыстау облысы, 14 наурыз 2016 жыл.

Бүгін Маңғыстау облысында Қазақстанның батыс өңірінде ғана атап өтілетін Амал күні тойланып жатыр. Жергілікті дәстүр бойынша, жұрт осы күні наурыз мейрамын тойлауды бастап кетеді. Мұны жергілікті жерде "амал келді" деп атайды. Бұл күні тұрғындар бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен, жаңа жыл келгенімен құттықтайды. Бір-бірінің үйлеріне қыдырып, қонақ болады. Өкпе-реніштері болса, бір-бірінен кешірім сұрайды.

Бүгін Азаттық тілшісі Жаңаөзенде мұнайшылардың Амал күнін мерекелеуінің куәсі болды. "Өзенмұнайгаз" компаниясында дастархан жайылып, мұнайшылар бір-бірін құттықтап, кәсіподақ басшылығы құттықтау сөз сөйледі.

Бүгін "Өзенмұнайгаз" компаниясы құрамында жаңадан құрылған Бұрғылау жұмыстары басқармасында да жұмысшылар Амал мейрамын атап өтті.

Маңғыстауда жұртшылық биыл да жылдағы дәстүр бойынша бүгін Ақтаудан жүз километрдей қашықтықтағы "Отпан тау" мәдени-ұлттық кешенінде жиналып, Амал мейрамын тойлап жатыр.

Батыс өңірде Амалды тойлаудан соң да "көрісу" мерекесі наурыз айы бойы жалғаса береді.