Оралда жүздеген адам заңгерден тегін кеңес алуға келді

Заңгер Ғалымжан Ищанов (сол жақта) тұрғындарға тегін кеңес беріп отыр. 9 сәуір 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысы орталығы Оралда бүгін қалалық қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен «Халық заңгері» акциясы өтіп жатыр. Онда аймаққа танымал 13 заңгер азаматтық және құқықтық заңнамалар бойынша облыс тұрғындарына тегін кеңестер береді. Оралдағы драма театрда таңертең басталған шара кешке дейін жалғасады.

Акцияны ұйымдастырған қалалық қоғамдық кеңес жетекшісі Роман Бисенғалиевтің сөзінше, бірнеше сағаттың ішінде 250-ден астам тұрғын заңгер кеңесін алған. Оның айтуынша, мұндай шара төрт айда бір рет өткізіліп тұрмақ.

Орал қаласының тұрғыны Юлия Коваль Азаттыққа бүгінгі шара аясында заңгерден алған кеңеске көңілі толатынын айтты.

– Мен бұрынғы күйеуімнен алимент алу туралы мәселе бойныша кеңес сұрап келген едім. Енді қандай іс-әрекет жасаумыз қажет екенін білдім, - дейді Коваль.

Бұл қоғамдық кеңестің аймақта ұйымдастырып отырған алғашқы шарасы. Қазақстан облыс орталықтары мен аудандарында қоғамдық кеңестер биыл ақпанда құрылған.