БҚО билігі коммуналдық кәсіпорындарды жеке меншікке сатуға әзір

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (ортада) жол пайдалану кәсіпорны ұжымымен бірге суретке түсіп тұр. Орал, 9 сәуір 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысында билік қазыналық коммуналдық кәсіпорындарды жеке меншікке сатуға дайын. Бұл туралы бүгін Орал қаласында тазалық және көгалдандару жұмыстарын атқаратын жол пайдалану мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұжымымен кездесуден соң облыс әкімі Алтай Көлгінов Азаттыққа айтты.

– Жол пайдалану және «ОралТазаСервис» коммуналдық шаруашылықтары 2020 жылға дейін жекешелендірілетін нысандар жоспарына енгізілген. Егер жеке инвесторлар тарапынан инвестиция салынатын болса біз [жекешелендіруге] қарсы емеспіз. Заң оған рұқсат береді, - деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің пікірінше, коммуналдық және қазыналық кәсіпорындарды жеке меншікке беру бюджетке түсетін салмақты жеңілдетеді. Көлгінов әзірше жеке меншік компаниялар тарапынан әлгіндей кәсіпорындарды сатып алу туралы ұсыныстар түскен жоқ дейді.

Қазақстан үкіметі жыл басында мемлекеттік меншіктегі ондаған компанияның сатылатыны туралы хабарлап, көлемді жекешелендірудің себебін елдің экспортқа шығаратын негізгі тауары – мұнайдың әлемдік базарда бағасы құлдырап отырған кезде бюджетті толтыру қажеттігімен түсіндірген.