IRNA: Назарбаев сапары алдында ондаған құжатқа қол қойылды

Нұрсұлтан Назарбаев. Вашингтон, 31 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапары қарсаңында құны 1 миллиард долларға тең түсіністік туралы 44 меморандумға қол қойылды деп хабарлады ирандық IRNA агенттігі.

IRNA мәліметіне қарағанда, 44 меморандумға екі елдің үкіметтік және жекеменшік сектор өкілдері мен ұлттық банктері басшылары қол қойған.

Назарбаевтың бүгін Иранға басталатын сапарында ауыл шаруашылығы, сауда, көлік, технология, индустрия, банк, энергетика, инвестиция, кеме қатынасы салалары мен тұтқындарды экстрадициялау сияқты мәселелерге қатысты құжаттарға қол қойылмақ.

Бұған қоса Иран Орталық банкі мен Қазақстан Ұлттық банкі арасында, Иран Ұлттық даму қоры мен Қазақстан инвестициялық даму қоры арасында өзара түсіністік туралы келісім жасалмақ.

Назарбаев Иранға екі күндік ресми сапармен бүгін бармақ.