Семейде белсенділер митинг өткізу туралы хат тапсырды

Жерге қатысты Семейде өткен митинг. 27 сәуір 2016 жыл.

Семейде бүгін белсенділер қала әкімдігіне 21 мамырда "жер дауына" байланысты бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап, хат тапсырды. Әкімшілік өкілдері хатқа алдағы күндері жауап беретінін айтқан.

Азаматтық белсенді Майра Әбенованың Азаттыққа айтуынша, Семейде бүгін жер мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтуі тиіс болған.

- Бірақ БАҚ өкілдерінің ешқайсысы келмегендіктен баспасөз мәслихаты шағын дөңгелек үстеліне айналып кетті. Бұл баспасөз конференциясын өткізудегі мақсат бұған дейін "Алаш жолы" қозғалысын құрдық қой, соны халыққа таныстырайық, кім екенімізді білсін, «арандатушымыз ма», «бесінші колоннамыз ба», осыны өздерінің қорытынды жасауына мүмкіндік беріп, түсіндірейік дегенбіз. Бірақ конференциямыз жиынға айналып кетті, - дейді Майра Әбенова.

Оның айтуынша, жиналысқа қала әкімі Ермак Салимов пен әкімшіліктің өзге де өкілдері, белсенділер Құрманғазы Рахметов пен Уәлихан Қайсар, оннан астам қала тұрғыны қатысқан.

Сәуірдің 27-сі күні Семейдегі Жеңіс саябағында жүздеген адам қатысқан митинг өткен. Оған қатысқандар жердің сатылуына және шетелдіктерге жалға берілуіне қарсылық танытқан. Халықпен кездесуге қала әкімі мен прокуратура өкілдері де барған.