Сот "Қазақстанның бірінші арнасына" қарсы шағымды қабылдады

"Қазақстанның бірінші арнасының" Қазақстандағы митингілер туралы хабарынан скриншот.

Қарағандылық адвокат Нұржан Жұмабеков "Қазақстанның бірінші арнасы" ("Первый канал Казахстана") телеарнасына қарсы шағымын Алматы қаласы Бостандық аудандық соты қабылдағанын хабарлады. Бұл туралы заңгер Facebook-парақшасында жазды.

Азаматтық істер бойынша Бостандық аудандық сотының хабарлауынша, алғашқы сот отырысы мамырдың 30-ы күні күндізгі сағат 15.00-ге белгіленген. Істі судья Татьяна Черныш қарайды.

Бұған дейін адвокат Нұржан Жұмабеков "Қазақстанның бірінші арнасы" қарайтын "Еуразия+ОРТ" компаниясының үстінен шағым түсіріп, моральдық шығын ретінде 100 мың теңге талап еткен. Шағымға телеарнаның жүргізушісі Аймира Шаукентаеваның эфирде айтқан сөзі - жер мәселесі бойынша митингтерді өткізген адамдарға "ақша төленгені" туралы таратқан хабары себеп болған.