ҚМДБ: Ораза биыл 6 маусымда басталады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы президиумының жиыны. Астана, 20 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда биыл мұсылмандар ораза тұтуды 6 маусымнан бастап, 29 күн бойы ұстайды. Бұл туралы ақпарат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) сайтында жарияланды. ҚМДБ биыл жан басына пітір-садақаны былтырғыдай 200 теңге (шамамен 0,6 доллар) мөлшерінде белгілеген.

Ораза ғибадаты - мұсылманға міндет етілген бес парыздың бірі. Ораза ұстаған мұсылманға таң атқаннан күн батқанға дейін ас-су ішуге болмайды және оразаны бұзатын өзге де нәрселерге тыйым салынады.

ҚМДБ-ның хабарлауынша, бейсенбі күні Алматыда өткен діни басқарма ғұламалар кеңесінің отырысында діни қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы мен біліктілік сипаттамасы туралы, сондай-ақ «тағам құрамындағы эмульгатордың үкімі» пәтуасы талқыланған.