Уәкіл "жұмыссыздарды әскерге жіберу" ұсынысына пікір білдірді

Қазақстан әскері (Көрнекі сурет).

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі оқу орындарын бітіріп, жұмысқа орналаса алмаған азаматтарды әскерге шақыру "жазалау" немесе "қалдықты принцип" бойынша жұмысқа орналастыру сезімін тудыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Өткен айда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмағандар мен оқу бітіріп, жұмысқа орналаса алмағандарды әскерге алу мәселесін ойластыру керегін мәлімдеген.

Уәкілдің министр Тамара Дүйсенова мен қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовке жолдаған үндеуінде әскери қызмет "армияны жатсыну сезімінің тууына негіз болмай, азаматтың ары қарай да кәсіби және жеке тұлғалық дамуына жағдай жасауы тиіс" екені айтылады.

Уәкілдің үндеуінде қарулы күштер қатарында өз-өзіне қол жұмсап мерт болды делінгендер санының азаюы байқалса да қоғамда сарбаз өлімі әлі де алаңдаушылық тудырып отырғаны да айтылады. "Сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауы мемлекетті жауапкершіліктен мүлдем босатпайды. Себебі ол сарбазды қарулы күштер қатарына қабылдағанда оның құқығын, соның ішінде өмір сүру құқығын сақтау міндетін мойнына алады" дейді уәкіл.

Адам құқығы жөніндегі әскери қызмет туралы қолданыстағы заңның кейбір тұстарына "қосымша назар аударып, бәлкім түзету енгізу керек болар" дейді. Уәкіл заңдағы әскери борышын өтеуден ақы төлеп босауға рұқсат ету әлеуметтік теңсіздік сияқты бірнеше сұрақ туындатады дейді.

Уәкіл мәлімдемесінде сонымен қатар әскерге шақыруда облыстар арасында теңсіздік бары да айтылады. Уәкілдің мәліметінше, 2015 жылы жалпы әскерге шақырылғандар санының 27 пайыз Ақмола облысының үлесіне тиген. 2,5 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының, 5,4 пайызы Қызылорда облысының, 8,2 пайызы Ақтөбе облысының үлесіне тиген.