Азаматтық белсенді Наталья Уласик Қарағандыда қамауда отыр

Көрнекі сурет.

Жезқазған қаласында ұстап әкетілген жергілікті азаматтық белсенді Наталья Уласик Қарағандыдағы тергеу абақтысында отыр және оның Алматыға этаппен қашан жеткізілетіні белгісіз. Бұл туралы Азаттыққа Қарағанды тергеу абақтысынан хабарлады.

Бұған дейін интернетте Уласиктің жақтастары оның Қарағандыдағы абақтыдан телефон соғып, өзін Алматыға психиатрлық сараптамадан өтуге жіберейін деп жатқанын айтқаны жөнінде ақпарат таратқан.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис әлеуметтік желілерде "совет одағы кезеңіндегідей қасіретті "жазалау психиатриясына" тап боламыз деп тұжырым жасауға негіз барын" мәлімдеген.

Әлеуметтік желілерде билікті сынайтын жазбалар жазып жүрген Наталья Уласикті 22 тамызда Жезқазған қалалық сотының залынан ұстап әкеткен.