Рим папасы Ниццадағы теракт құрбандарының туыстарымен жүздесті

Рим папасы Франциск.

Рим папасы Франциск Ниццадағы теракт кезінде қаза тапқандардың туыстарын «өшпенділікке өшпенділікпен жауап бермеуге» шақырды. Бүгін Ватиканда понтификпен кездесуге 300-ге жуық адам – биыл шілде айында жасалған шабуылдан зардап шеккендер мен мерт болған жандардың туыстары қатысты. Олармен бірге жергілікті билік пен діни қауымдастықтар өкілдері де жүрді.

Шілденің 14-і күні мыңдаған адам Францияның тәуелсіздік мерекесі саналатын Бастилияны алу күнін тойлап, Ниццадағы Англия жағалауында серуендеп жүрген кезде 19 тонналық жүк көлігі көшедегі халықты таптап өткен еді. 80-нен аса кісінің өмірін қиып, 300-ден астам адамды жаралы еткен көлік жүргізушісін полиция сол жерде атып өлтірген.