Бас прокурор Ақтөбе оқушыларын терроризмнен сақтануға шақырды

Бас прокурор Жақып Асанов Ақтөбеде кәсіпкерлермен кездесуде. 29 қыркүйек 2016 жыл (Сурет Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов бүгін Ақтөбеде Назарбаев интеллектуалды мектебінде оқушылармен кездесу өткізіп, оларды экстремизм мен терроризмге ұрынбауға шақырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Кездесуде Асанов оқушыларды теріс идеологияның құрбаны болмауға шақырды. "Сендер әлі жассыңдар. Ересек өмірге бір-екі жылда аттанасыңдар.... Экстремистер әлсіз, санасы қалыптаспаған, көнгіш, сенгіш жастарды өздеріне тартып жатыр. Ақша беріп, сеніміне кіріп жатқан жағдайлар аз емес. Оның арғы жағы белгілі. Саналарын әбден улап, қолдарына қару ұстатып, қылмысқа итермелейді. Өздері терактіні тек сырттан бақылап, аңқау жастарды өлімге жұмсайды. Қолжаулық ретінде пайдаланады" деді Жақып Асанов.

Бас прокурор жастардың максимализмге ұрыншақ екенін айтып, экстремизм мен терроризм қаупінің алдын алу, халыққа түсіндіру, жастарға дұрыс бағыт беру үшін келіп отырғандарын айтты.

Кездесуге қала мектептерінен 350-ден астам үздік оқушы қатысты. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті.

Жақып Асанов бастаған, құрамында 200 маманы бар арнайы топ Ақтөбе облысына кеше барған. Бұл топ Ақтөбеде бір ай бойы жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның бірі - аймақтағы діни ахуалды жақсарту және құқық қорғау қызметкерлерін террорлық қауіп-қатер кезінде әрекет етуге үйрету. Топ құрамында теологтар, имамдар, әлеуметтанушылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

Ақтөбеге келген жұмыс тобы аудандарды, түрмелер мен мешіттерді аралауды да жоспарлап отыр. Бас прокурордың сөзіне қарағанда, Ақтөбеден басталған аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жобасы басқа да облыстарда жалғасады.