БҚО-да тарих және археология орталығы басшысы қаржы жымқыру күдігіне ілінді

БҚО әкімдігі жанындағы "Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының тарих және археология орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесі. Орал, 12 қазан 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының басшысы Мұрат Сыдықовтың үстінен қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе талан-таражға салу") бойынша тергеу алды тексеру жүргізіліп жатыр деп хабарлайды ұлттық коррупцияға қарсы іс-қимыл қызметінің облыстық департаменті.

Бюро мәліметіне қарағанда, Мұрат Сыдықов үйқамақта отыр. Сыдықовтың жұмыс орнында оның "сырқаттанып қалғанын" айтады. Сыдықовтың үйінде телефонға жауап бермей тұр.

Мұрат Сыдықов облыс әкімдігі жанындағы "Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының тарих және археология орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесін басқарады. Сыдықов - тарих ғылымдарының докторы, профессор, жүзден астам ғылыми мақаланың авторы.