АҚШ билігі сайлау қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті

АҚШ президенттігіне кандидаттар Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп бейнеленген сайлау науқаны кезіндегі баннер. (Көрнекі сурет.)

АҚШ федералдық органдары елде қарашаның 8-і күні өтетін АҚШ президенті сайлауы қарсаңында «Әл-Қаида» террорлық ұйымы тарабынан шабуыл қаупі бар екені туралы Нью-Йорктің билік орындарын ескерткен. Бұл туралы Reuters агенттігіне Нью-Йорк пен Нью-Джерси штаттарының әуежайлар, тоннельдер мен көпірлерді басқаратын әуе және теңіз порттары басқармасының өкілі мәлімдеген.

CBS News телекомпаниясы президент сайлауы болардан бір күн бұрын, яғни қарашаның 7-і күні шабуыл жасалуы ықтимал деп хабарлаған.

Ақ үй қарашаның 4-і күнгі мәлімдемесінде сайлау кезіндегі террорлық шабуыл қауіп-қатері жайлы мәлімдеген.

Техас губернаторы Грег Эбботт «техастықтар күнделікті тірлігін әдеттегідей жалғастыра береді, бірақ алдағы бірнеше күнде қырағылықты жоғалтпай, кез келген күдікті іс-әрекеттер туралы хабарлауы тиіс» деп айтқан.