АҚШ: Виталий Чуркиннің қазасының себебі жарияланбайды

БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің мұрағаттағы суреті.

АҚШ мемлекеттік департаменті БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің қазасының себептері туралы ақпаратты жарияламауды Нью-Йорктің бас сот-медициналық сараптама басқармасынан ресми түрде сұрады. Чуркин биыл ақпанның 20-сында, 65 жасқа толуға бір күн қалғанда Нью-Йоркте қайтыс болған.

Ресей жағы елшісінің қазасы жүрек талмасы салдарынан болған деген ақпарат таратқан, бірақ кейін Нью-Йорктің бас сот-медициналық сараптама басқармасынан Чуркиннің қазасы бойынша қосымша токсикологиялық және гистологиялық сараптама жүргізілетіні хабарланған.

Жұма, наурыздың 10-ы күні сот-медициналық мекемесінің ресми өкілі Джулия Болсер сараптама қорытындылары жариялауға жатпайтындығы туралы мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде Нью-Йорк муниципалитетінің заң бөлімі «халықаралық құқық нормалары мен дипломатиялық хаттама талаптарына сәйкес», Виталий Чуркиннің қазасының себебі туралы деректерді жарияламауды бас сот-медициналық сараптама басқармасына тапсырғаны айтылған.

Мемлекеттік департамент «елші Чуркиннің көзі тірісінде пайдаланған дипломатиялық иммунитеті ол қайтыс болғаннан кейін де күшінде екенін» айтты деп хабарлайды «Америка дауысы».