СІМ: Сирия оппозициясы Астана келіссөзіне қатысатынын растады

Астанадағы Сирия келіссөзінің отырысы. 16 наурыз 2017 жыл.

Сириядағы қарулы оппозиция өкілдері Астанада өтетін Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі келіссөзге қатысады деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовтың айтуынша, Сирия бойынша келіссөзге барлық тараптардың, оның ішінде Мохаммед Аллуш бастаған Сирия оппозициясының өкілдері де қатысатынын растаған. Жайнақовтың айтуынша, қазір Астанаға БҰҰ мен кепіл елдердің сарапшылар делегациясы келіп жатыр. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі өкілі Стаффан де Мистура да келіссөзге қатысады.

СІМ мәліметі бойынша, бүгін кепіл елдердің сарапшылары өзара алдын ала кездеседі. Ал жоғары деңгейдегі келіссөз 3-4 мамырда өтеді.

Астанада Ресей, Иран және Түркия ара ағайындық жасаған Сирия келіссөзі үш рет - 23-24 қаңтарда, 15-16 ақпанда және 15-16 наурызда өткен.