Еуропарламент Молдоваға көмек беру жайын қарауды кейінге қалдырды

Пятрас Ауштрявичюс, Еуропарламенттің Литвадан сайланған депутаты.

Еуропа Одағының (ЕО) парламенті Молдоваға қаржылай көмек беру мәселесін қарастыруды кейінге қалдырды. Бұған Еуропарламенттегі бірнеше саяси топтың Молдовадағы саяси жағдайға қатысты алаңдаушылық білдіруі себеп болды.

Еуропарламент, Еуропа кеңесі мен Еурокомиссия өкілдерінің келіссөзі 18 мамырда болуы тиіседі. Келіссөзде тараптар Молдоваға көмек беру шарттарын уағдаласады деп болжанған. Бірақ келіссөз кем дегенде бір айға шегерілді. Еуропарламенттің Литвадан сайланған өкілі Пятрас Ауштрявичюс 16 мамырда Азаттыққа парламент мүшелері арасында Молдовадағы сөз бостандығы, заңның үстемдігіне қатысты ахуалға және жуырда сайлау туралы заңнаманың өзгергеніне алаңдаушылық артып бара жатқанын айтты.

Қаңтарда Еурокомиссия Кишиневке жаңа макроэкономикалық көмек бағдарламасы аясында грант және несие ретінде 100 миллион еуроға дейін көмек көрсетуге келіскен.