БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Кабулдегі жарылысты айыптады

Кабулдың орталығындағы жарылыс болған аумақ. Ауғанстан, 31 мамыр 2017 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Кабулдың орталығында 31 мамыр күні жасалған қуатты жарылысты «жексұрын әрі қорқақтың ісі» деп айыптап, шабуылға кінәлілерді анықтап, жазаға тарту үшін әлем елдерін Ауғанстан үкіметімен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекет «терроризмнің кез-келген түрі мен көрінісі - бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең үлкен қатердің бірі» екені туралы тағы да мәлімдеген.

Ауғанстан астанасы орталығындағы дипломатиялық өкілдіктер орналасқан ауданда мамырдың 31-і күні таңертең қарбалас уақытта автокөлікке орнатылған бомба жарылып, соның салдарынан кемінде 90 адам қаза тауып, 400-ге жуық адам жараланған. Олардың көбі - балалар мен әйелдер. Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігі шабуыл болған жерде қиранды астында қалған адамдар табылып жатқандықтан құрбан болғандар саны өсуі ықтимал деп ескерткен.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі жарылыстан Қазақстанның екі азаматы жараланып, Кабулдегі Қазақстан елшілігіне зақым келгені туралы хабарлаған.

Кабулдегі терактіге жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ. Бұған дейін осыған ұқсас шабуылдарды «Талибан» қозғалысы мүшелері мен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өкілдері жасаған.

Кабулдегі жарылыс туралы Азаттық фотогалереясы

Кабулдағы жарылыстан ондаған адам қаза тапты